Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысында орналасқан ортағасырлық некро
Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысында орналасқан ортағасырлық некрополдерді зерттеу археология ғылымының назарынан тыс қалмаған. ХХ ғ. осы өңірдегі кесенелерде ізденіс жұмыстарын В.А.Каллаур, А.Ю.Якубовский, С.П.Толстов, С.Е.Ажигали, К.М.Байпақов, М.Елеуов, С.Ж.Жолдасбаевтар жүргізіп, зерттеген. Соңғы жылдары ортағасырлық Сығанақ қаласындағы архитектуралық ескерткіштерде жүргізілген зерттеулер кесенелердің планиграфиялық, конструкциялық және сәулеттік безендірілуінің ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді. Ортағасырлық жазба деректерде «кесенелі қала» деген атпен белгілі Сығанақ – Сырдарияның орта ағысында орналасқан ірі саяси, рухани және сауда орталығы, ал XIII-XV ғғ. Ұлық Ұлыс (Алтын Орда) құрамына кірген Ақ Орда ұлысы, Әбілқайыр хандығы мен Қазақ хандығының астанасы болған. Сондықтан осы жерде жергілікті билеушілер, дін өкілдері, белгілі тұлғалар мен игі жақсылардың жерленуі, олардың басына зәулім кесенелер тұрғызу заңды құбылыс болып табылады. Мақала ортағасырлық Сығанақ қаласының негізгі қамалының сыртында орналасқан, әр кезеңде жүргізілген, жалпы саны жеті кесененің мерзімдік шекаралары мен құрылыстардың архитектуралық сипаттамасы, оның жоспары, өлшемдері және ерекшеліктерін талдау мәселесіне арналған. Зерттеу барысында бастапқы деректанулық өңдеу – толық сипаттау және деректерді жүйелеу жұмыстары атқарылды. Кесенелер күйдірілген кірпіштен тұрғызылған (тек қана №4 кесененің ішкі бөлігі қам кірпіштен қаланған), сырты өрнектелген терракоталық және бояулы қаптама қыштармен безендірілген порталды-күмбезді ғимараттар болып табылады. №1, №3, №5, №7 кесенелерде мүрделер сағана-цисталар мен қабір шұңқырларда, ал №4 және №6 кесенелерде әулеттік сағанада жерленген. Мәйіттердің барлығы мұсыл мандық жерлеу рәсімін сақтай отырып қойылған, № 3, № 4, № 5, № 6, № 7 кесенелерде солтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс бағытта, ал № 1 кесенеде – солтүстік-оңтүстік бағытта шалқасынан жатқызылған. №3, № 5, № 7 кесенелердегі жерлеу орындарында табылған темір шегелер мен ағаш бөлшектері мәйіттердің ағаш табыттарда жерленген болуы мүмкін екендігін көрсетеді. Зерттеу радиокөміртекті талдау нәтижелерімен үйлестіре отырып, кесенелер құрылысының сәулеттік ерекшеліктеріне салыстырмалы талдау жүргізіп, кесенелер құрылысының хронологиялық шекарасын белгілеуге мүмкіндік берді. №5 кесене XІV ғ. екінші жартысы, №6 кесене XV ғ. бірінші жартысы, №7 кесене XІV ғ. бірінші жартысымен, №1, №3 кесенелер XІV ғ., №4 кесене XІV-XV ғғ. мерзімделінеді.